Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны көрменің операциялық дайындығын қамтамасыз ету мақсатымен Dubai EXPO-2020 Ұйымдастыру комитеті ұйымдастырған ресми тестілік іс-шараға қатысты.
Павильонды құрудың негізгі идеясы шығыс дәстүрлері мен заманауи цифрлық шешімдердің үйлесімін көрсетеді, сондай-ақ Қазақстанның ашықтығын бейнелейді. Павильонның сыртқы бейнесі Ұлы Жібек жолындағы Оңтүстік Қазақстанның ежелгі қалаларының сәулетімен рухтандырылған.
Қазақстан павильоны келушілерге этникалық музыкалық ұжымдардың өнерін, сондай-ақ заманауи өңдеудегі ұлттық композицияларды ұсынды. Техникалық ашылуға қатысқан тоғыз павильонның ішінде қазақстандық павильон ауқымды шоу-бағдарламасы бар жалғыз павильон болды.
Қазақстандық павильонмен танысуды қонақтар «ДНҚ коды-шежіре» тақырыбындағы «Пре-шоу» кіру аймағынан бастады, шоу түрлі этностардың тарихи байланысы және Ұлы Дала көшпенділерінің әлем халқының генетикасына қосқан үлесі туралы баяндайды. Сонымен қатар, бірінші қабатта еліміздің бірегей табиғи ландшафтары мен ресурстары, бай тарихы, мәдениеті мен қазақтардың дәстүрлері көрсетілді.
«Нұр-Сұлтан қаласы – Еуразия жүрегі» аймағында келушілер бірегей панорамалық инсталляцияны, аралас медиа технологиялардың, оның ішінде баспа, проекциялық және қолмен салынған арт-вижуалдардың үйлесімін көрді. Бұл технология EXPO көрмелерінде алғаш қолданылып отыр. Қондырғының түс, бейне және аудио эффектілері қала өмірінің 24 сағатын назарға ұсынды. Көрермендер Қазақстан астанасының панорамалық бейнесі аясында суретке түсті.
Әсіресе қонақтар арасында «Болашақ қазір» аймағы танымал болды. Мұнда адам қозғалысына жауап беретін «Brixel Mirror» футуристік кинетикалық қондырғысы ұсынылды. Бұл өзіндік жаңа зияткерлік өнім – нақты және сандық әлемдердің байланысын білдіретін жасанды интеллект.
Бұл аймақта сондай-ақ инновациялық қала құрылысы, жасанды интеллект, болашақ кәсіптері, тұрақты агроөнеркәсіп, қоршаған ортаны қорғау, аэроғарыш өнеркәсібі сияқты кіші тақырыптарды түрлі ойын элементтері арқылы ашатын «Vision Machine» интерактивті үстелі орналасқан.
Соңында келушілер үшін 270 градус панорамалық кинотеатры, акробатика және робототехника элементтері бар әсерлі финалдық шоу көрсетілді. Сюжеттік желі адам мен жасанды интеллектің байланысы туралы баяндайды. Әртістер келушілер арасында ұмытылмас әсер қалдырды. Әр аймақтағы экскурсияларды кәсіби гид-экскурсия жүргізушілер сүйемелдеп отырды. Техникалық ашылу қорытындысы бойынша ҚР ұлттық павильонына келушілер саны 1 116 адам болды.
Анықтама: Павильон «Мүмкіндіктер» тақырыптық кластерінде, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Монако, Швейцария, Люксембург, ҚХР, Италия және Беларусь Республикасының ұлттық павильонына тікелей жақын орналасқан.