Мәскеуде КСРО, Қазақстан және Қырғызстанның халық әртісі, көрнекті әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында фотокөрме ашылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, зиялы қауым және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
«Осындай ірі іс-шаралар Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де өткізіліп жатқаны қуантады. Мұндағы фотосуреттердің әрқайсысы Роза Бағланованың мағыналы өмірінің жарқын сәттерін ғана емес, сонымен бірге бүкіл дәуірдің өрлеуін де бейнелейді», — деді министр Дәурен Абаев ХШЖК-де көрменің ашылуы аясында.
Фотокөрмеде орындаушының өмірі мен шығармашылығының түрлі қырын көрсететін 30-дан астам бірегей фотосурет қойылған. Көрме 7 бөлімнен тұрады: «Бірінші Роза», «Соғыс жылдарындағы ерлік пен даңқ», «Шығармашылық шыңы», «Әр ән — жауһар», «Бүкіл әлемді жаулап алған Роза», «Қоғамдық-саяси қызмет» және «Халық сүйіспеншілігіне бөленген жарқын өмір».
Мәдениет және спорт министрі әншінің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгенін және қазан айында ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде Р. Бағланованың құрметіне үлкен концерт өтетінін атап өтті. Сондай-ақ қараша айында Қазақстанның астанасында халықаралық вокалистер байқауы өтеді.
Еске сала кетейік, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильоны 2021–жылдың соңында кең ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін ашылды, павильонға ХХ ғасырдың ортасындағы тарихи келбеті қайтарылды. Желтоқсанда ол Мәскеу үкіметінің «Мәскеулік қалпына келтіру – 2021» байқауының лауреаты атанды, ал шілдеде қайта қалпына келтіруге қосқан үлесі және іс-шараның күн тәртібіндегі белсенді жұмысы үшін Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Алтын белгісімен» марапатталды, ал тамыз айында «Құрылыс саласындағы ең үздік іске асырылған жоба» байқауының «Мәдени мұра объектілерін заманауи пайдалануға бейімдеу және қайта қалпына келтіру» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.