25-27 қыркүйек аралығында Астанада алғаш рет EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында өнеркәсіптік INNOPROM.QAZAQSTAN көрмесі өтеді.
Көрмені ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі.
Көрменің мақсаты – жаһандық тәжірибе алмасу, өнеркәсіптік кооперацияларды дамыту, жаңа нарықтар ашу, серіктестер, тапсырыс берушілер мен тауарларды жеткізушілерді іздеу үшін өңірде перспективті алаң құру.
Көрмеге қатысушылар өнеркәсіп саласындағы жаңа технологияларды көрсетеді, ал іскерлік бағдарлама іс-шаралары шеңберінде жаһандық нарықты дамытудың өзекті мәселелері көтерілетін болады.
ЕАЭО елдерінің ұлттық және өңірлік экспозициялардың, сондай-ақ ірі компаниялардың қатысуымен өтетін көрме 12 мыңнан астам м² қамтиды. Онда авиациялық көлік, энергетикалық машина жасау, станок жасау, химия өнеркәсібі, металлургия және өнеркәсіптік IT тақырыптық бөлімдері орналасады.
INNOPROM.QAZAQSTAN спикерлері ретінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко және басқа да министрліктердің басшылары қатысады.
Көрменің іскерлік бағдарламасында Қазақстан, Ресей және Беларусь үкіметтерінің басшыларын, сондай-ақ іскерлік қауымдастықтар мен негізгі өнеркәсіптік компаниялардың басшыларын біріктіретін «Жаңа заманның өнеркәсіптік стратегиялары» атты бас пленарлық сессия жоспарланған.
Іскерлік бағдарлама мамандандырылған сессиялармен толықтырылған. Мәселен, «Болашақтың көлігі: сын-тегеуріндер мен шешімдер»; «Металлургиядағы инновациялар және оларды нақты өндіріске енгізу»; «Энергетикаға арналған технологиялар: тиімді, таза, қауіпсіз»; «Өндірісті цифрландыру: табыстың маңызды факторлары». Бұл сессияларда спикерлер қазіргі заманның өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылайды деп күтілуде. Сондай-ақ іс-шара аясында дөңгелек үстелдер мен іскерлік кеңестің отырысы өтеді.
Көрменің тағы бір маңызды бөлігі студенттер мен жас мамандарға арналған Қазақстан мен Ресейдің білім беру орталықтары мен өнеркәсіптік компаниялары дайындаған «Жаңа өнеркәсіпке арналған жаңа кадрлар» іс-шарасы.