12-13 қазанда елордада EXPO халықаралық көрме орталығы алаңында Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық форум – Digital Bridge 2023 өтеді. Форумның басты тақырыбы – Artificial and Human Intelligence: The right balance.
Халықаралық форумға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, әлемдік компаниялардың жетекшілері, IT-инновация саласындағы үздік халықаралық және отандық сарапшылар, венчурлық инвесторлар қатысады. Digital Bridge 2023 алаңында 20 000 қатысушы, 300 IT компания, 100 инвестор мен бизнес-періште, 400 спикер және әлемнің 30 елінен 100 стартап бас қосады.
Форум бағдарламасында Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс пен one-to-one кездесулер, халықаралық спикерлермен 30 панельдік сессия, келісімдерге қол қою, Google for Startups іс-шаралары, сондай-ақ Digital Bridge Awards – үздік стартаптарға, инновациялық жобаларға және кәсіпкерлерге берілетін халықаралық сыйлық, 100 қазақстандық және шетелдік технологиялық стартаптар өздерінің инновациялық шешімдерін ұсынатын Стартап аллеясынан тұрады.
IT-қауымдастықтың ерекше назарын аударып, қалың жұртшылықтың қызығушылығын тудырған ең қызықты оқиға – Astana Hub Battle – үздік IT стартаптардың ең ірі додасы. Биыл батлдың жүлде қоры 5 есеге ұлғайды – $125 мың. Жеңімпаздар бес номинация бойынша марапатталады – Best Social Impact, The Most Innovative, Exponential Growth, MOST Investable Startup және Best AI Startup.
Сонымен қатар іс-шара аясында корпорациялар, робототехника, IT-мектептер, VC, аймақтық IT хабтар көрмелері және ірі IT компаниялардың вакансиялар жәрмеңкесі өтеді.