20 мамыр күні сағат 12:00-де NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайында коллекционер-этнограф Бахаргүл Төлегеннің «Жауһар жәдігер» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтеді.
Бахаргүл Төлеген – белгілі коллекционер-этнограф, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Әдемі-Ай» брендінің негізін қалаушы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. Коллекционер 20 жылдан астам уақыт бойы қазақ халқының қолданбалы антикварлық бұйымдарын жинап, көпшілікке танытып жүр.
«Жауһар жәдігер» көрмесінде мәдени құндылығы аса жоғары, бірнеше ғасырлық тарихы бар 1000-нан астам жәдігерлік бұйым ұсынылады. Олардың барлығы – Орта Азия мен қазақ халқының сирек кездесетін бағалы қолөнер бұйымдары. Көрмеде б. з. д. III–I ғғ. Кушан патшалығының археологиялық артефактілері және VI–XII ғғ. жататын тарихи құнды дүниелер кездеседі.
«Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз — ұмыт қалып бара жатқан ата-бабамыздың көне, бай мұрасын жинап, жаңа буынға, жас ұрпаққа таныстыру, аманаттау», – деп атап өтті коллекционер-этнограф Б.Төлеген.
Елорда тұрғындары мен қонақтары көрмені тамашалап, этнографиялық бұйымдардың бай коллекциясымен, тарихи артефактілерімізбен таныса алады.
Көрмені «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы Б.Төлегенмен бірлесіп ұйымдастырды.
Аккредитацияға байланысты сұрақтар бойынша «QazExpoCongress» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Г. Сергибаеваға +7 775 538 88 84 телефон номері, g.sergibayeva@qazexpocongress.kz эл. поштасы арқылы және М. Куанышбаевқа +7 707 148 80 44 телефон номері, m.kuanyshbayev@qazexpocongress.kz эл. поштасы арқылы хабарласуға болады.