Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапары аясында «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы қызметінің негізгі бағыттарымен танысты.
EXPO іскерлік орталығының аумағында «Астана»халықаралық қаржы орталығы, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі, Astana IT University және басқа да ұйымдар табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ нысандар қатарында «А» класты заманауи бизнес-орталығы бар, онда 25 компания орналасқан, олардың арасында АХҚО резиденттері, даму институттары, білім беру саласындағы кәсіпорындар және өзге де жалға алушылар бар.
Сонымен қатар, кешеннің аумағында елорданың басты көрікті ғимараты – NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы орналасқан. Оған күн сайын 500-ден астам адам келіп тамашалайды.
Конгресс-орталығы алаңында іскерлік және ойын-сауық іс-шаралары өткізіледі, ал Орталық Азия елдерінің аумағындағы ең ірі «EXPO» халықаралық көрме орталығы халықаралық және ұлттық көрмелерді өткізудің негізгі орнына айналды.
Айта кету керек, 2021 жылдан бастап «EXPO» халықаралық көрме орталығы «UFI» дүниежүзілік көрме индустриясы қауымдастығының құрамына енді, бұл Қазақстанға көрме оқиғаларының әлемдік күнтізбесіне кіруге бірегей мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, компанияның балансында «Қазақстан» павильоны бар, ол Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі аумағындағы адам ең көп баратын павильондардың бірі.
EXPO 2020 Dubai дүниежүзілік көрмесінің жабылуына байланысты қазақстандық павильонның экспозициялары ХШЖК павильонына және NUR ALEM мұражайына көшіріледі.
«Қазіргі уақытта EXPO іскерлік орталығының нысандары толығымен толтырылды, ал келесі жылдан бастап компания өзін-өзі толықтай қамтамасыз етіп, мемлекеттік бюджеттен қаражат алмай-ақ кешеннің инфрақұрылымының жұмысын қамтамасыз етеді», – деді «QazExpoCongress» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе вице-премьер Серік Жұманғарин «QazExpoCongress» ұлттық компаниясына тиісті тапсырмалар берді.