17-21 тамыз аралығында елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында Балалар жылы аясында «KIDS EXPO» балаларға арналған тауарлардың алғашқы көрме-жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге алғашқы күннің өзінде-ақ 10 мыңға жуық адам, ал бүкіл кезең ішінде 80 мыңға жуық адам келді.
«Kids EXPO. Балалар әлемі» – бұл кітап, кеңсе, тоқыма, білім беру және ойын-сауық индустриясы өкілдерін, балалар мен олардың ата-аналарына арналған тауарлар мен қызметтерді бір алаңда біріктіруге мүмкіндік берген алғашқы ірі жоба. Мұнда 5 күн ішінде отандық тауар өндірушілер, компаниялар мен ірі брендтер қатарынан 100-ге жуық қатысушы өз тауарларын ұсынды.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты әлеуметтік сипатта болып, мектепалды дайындық кезеңінде тұрғындарға балалар мен мектеп тауарларын неғұрлым төмен бағаға сату арқылы қолдау көрсету көзделді. Ол үшін тауар өндірушілермен және дистрибьюторлармен тікелей жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, жәрмеңкеге қатысқан 30-ға жуық компания өз өнімдерін төмендетілген бағаға сатты. Олардың стендтері арнайы белгімен белгіленді.
Нұр-Сұлтан қаласында және жақын маңдағы өңірлерде кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолдау көрсету де маңызды міндет болды. Жәрмеңкеде жалпы сомасы 70 млн теңгеден асатын 50 мыңнан астам тауар сатылғанын, негізінен балалар киімі мен кеңсе тауарларына сұраныстың көбірек болғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, мектеп жиһаздарын өндіру және білім беру қызметтерін көрсету саласындағы ынтымақтастық туралы 10 меморандумға қол қойылды.
19 тамызда көрме-жәрмеңкеге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов келді. Жәрмеңкені көру барысында вице-премьер ұсынылған тауарлардың ассортиментімен және құнымен танысты, сондай-ақ мұндай іс-шаралардың ата-аналарға балаларын алдағы оқу жылына дайындау үшін өте ыңғайлы екенін атап өтті.
Жәрмеңкеде мектеп пен балалар тауарларын сатып алып қана қоймай, сонымен қатар қызықты демалыс өткізу жағдайы жасалды, ол үшін балаларға арналған арнайы аймақтар мен ойын-сауық ұйымдастырылды. Жәрмеңке аясында 18 ақпараттық, 22 мәдени және 22 спорттық іс-шара, сондай-ақ 20 арт-шеберлік класы өткізілді. Барлығы 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды.
Көрме орталығының алаңында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, музыкалық және би ұжымдары, «Вайнах» ансамблі өнер көрсетті және академиялық натуралық сурет, абстрактілі кескіндеме, ұлттық ойындар (асық ату, тоғызқұмалақ), шахмат бойынша шеберлік кластары, сондай-ақ Қазақстан құрама командасы ойыншыларының баскетбол мен футбол бойынша шеберлік кластары өткізілді. Бұдан басқа жәрмеңкенің спорт аймағында 3×3 баскетбол турнирі өтіп, оған әр түрлі жастағы қатысушыларды қамтитын командалар қатысты. Ойын қорытындысы бойынша турнир жеңімпаздары естелік сыйлықтармен марапатталды.
Мультифункционалды іс-шара тек қала тұрғындары арасында ғана емес, сонымен қатар қатысушылардың тарапынан үлкен сұранысқа ие болды, олар сатып алушылардың жоғары қызығушылығын, бетпе-бет сөйлесу және кері байланыс жасау мүмкіндігі берілгенін атап өтті.
Қатысушылар мен келушілердің қызығушылығын, жағымды пікірлерін ескере отырып, компания балалар мен мектеп тауарлары, қызмет көрсету индустриясындағы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін жыл сайынғы негізде жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр.