Астанада халықаралық Digital Bridge 2025 форумы өз жұмысын бастады. Бұл – Орталық Еуразиядағы технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ең ауқымды іс-шара. Ол 2-4 қазан аралығында Халықаралық EXPO көрме орталығының алаңдарында цифрлық индустрия, венчурлық капитал, ғылым және білім салаларының әлемдік көшбасшыларын біріктірді. Биыл Digital Bridge 30-дан астам елден келген 30 мыңнан астам қатысушыны, 100 аса инвестор мен бизнес-періштені, 400 астам спикерді, сондай-ақ 130-дан аса стартап пен IT-компанияларының басын қосты.
Дәстүр бойынша Digital Bridge-тің ашылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, әлемдік компания басшыларының, халықаралық және отандық IT-қоғамдастық өкілдерінің, технологиялық алпауыттардың негізін қалаушылардың, жетекші ғалымдар мен инвесторлардың қатысуымен өткен пленарлық отырыс форматында өтті. Форумға құрметті қонақ ретінде Венгрия Президенті Тамаш Шуйок қатысты.
Форумның пленарлық отырысын ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі күні Digital Bridge цифрлық экономиканың болашағы мен ғаламдық трансформацияға қатысты бастамаларды ашық талқылауға арналған маңызды алаңға айналғанын атап өтті. Форум тарихында 67 мыңнан астам қатысушыны, 500-ден аса IT-компанияны және 100 елден келген делегацияларды біріктірді. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі жетекші цифрлық хаб ретінде бұл жұмысты жалғастырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық дамудың көкжиегін кеңейтуге ниетті.
«Қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Оның кейбірі шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық – келешегіміздің қандай болары біздің бірлесіп әрекет ете білуімізге байланысты.Жасанды интеллект – қазіргі заманның ақиқаты. Алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді. Осы бірегей алаң технология саласындағы алпауыттар мен түрлі стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді. Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді», – деді Мемлекет басшысы.
Пленарлық отырыста Telegram негізін қалаушы әрі бас директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai компанияларының бас директоры Кай Фу Ли, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері және Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд профессоры Илья Стребулаев және hi-tech индустриясының өзге де өкілдері сөз сөйледі. Модератор ретінде Solana Foundation Президенті Лили Лиу қатысты.
Өз сөзінде Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытудағы зор әлеуетін атап өтіп, ел мен аймақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын бірлескен бастамалардың маңыздылығына тоқталды:
«Былтыр Қазақстанда алғашқы аймақтық кеңсемізді аштық және нәтижелерге өте ризамыз. Бүгін Alem.ai ғимаратында жасанды интеллектінің арнайы зертханасын ашып отырғанымызды қуана хабарлаймын. Ең алдымен біз Telegram мен Жасанды интеллект министрлігі іске қосқан Қазақстанның суперкомпьютерлік кластерінің бірлескен жобасын жүзеге асырамыз. Бұл технология миллиардтан астам адамға жасанды интеллект функцияларын құпия түрде, ашық әрі тиімді форматта пайдалануға мүмкіндік береді. Біз Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері осы желі үшін есептеу қуаттарының алғашқы ірі жеткізушісі болады деп үміттенеміз», – деп ойымен бөлісті Павел Дуров.
Сонымен қатар ашылу рәсімінде оқушылар, студенттер, стартаптар мен ғылыми командаларды біріктірген ұлттық AI SANA Generative Nation байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олардың жобалары Қазақстанда IT және AI таланттарының жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын нақты көрсетті.
«Алдымызда тұрған стратегиялық міндет – өз технологияларымызды дамыту, жоғары білікті мамандарды даярлау және жасанды интеллектіні елдің барлық негізгі даму салаларына жан-жақты енгізу. Digital Bridge осы мақсаттарға қол жеткізудің практикалық алаңына айналды. Биылғы форумның күн тәртібі Generative Nation ұғымын қамтиды – бұл білім қоғамын құруға бағытталған, технологиялар мен адами капиталды дамытуға негізделген концепция. Үш күн ішінде форум 30 мыңнан астам қатысушыны жинайды, 120 панельдік сессияда әлемдік және отандық көшбасшылар сөз сөйлеп, ғаламдық трендтер мен практикалық шешімдерді талқылайды», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі – Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев.
Форум бағдарламасы алты негізгі бағытқа құрылған: Startups Bridge, Tech Bridge, Global Bridge, Gov Bridge, Talent Bridge және Creative Bridge. Бағдарламада $100 мың жүлде қоры бар Astana Hub Battle стартаптар сайысының финалы, ұлттық Digital Bridge Awards марапаты, Startup Alley және IT-компаниялардың көрмесі бар. Бұдан бөлек, ондаған келісімге қол қою жоспарланып отыр, бұл қазақстандық компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына, инвестиция тартуына және цифрлық мемлекеттің іргетасын нығайтуға жол ашады.
Форум қонақтары үшін интерактивті форматтар әзірленді. Робототехника бөлімінде гуманоидты роботтар, ит-роботтар, роверлер және дрондар инновациялық әрі ойын-сауық форматында ұсынылды. Арт-кеңістік AI-фотозонадан бастап, генеративті иллюстрациялар мен арт-инсталляцияларға дейінгі жасанды интеллектпен жасалған эксперименттерге арналған. Ойын алаңы тестілеу мен ойындарды көрсетуге, сондай-ақ киберспорт аренасын біріктіреді.
Digital Bridge 2025 кульминациясы – тарихта алғаш рет жасанды интеллект көмегімен жасалған AI-манифестің жариялануы болмақ. Құжатта жаңа технологиялық дәуірдің негізгі қағидалары: этика мен сенім, ашықтық пен ынтымақтастық, инновация мен көшбасшылық, тұрақтылық және цифрлық егемендік бекітілген.
Ұйымдастырушылар – Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Астана қаласының әкімдігі.
Биылғы форум серіктестер мен демеушілердің қолдауының арқасында ұйымдастырылды. Барлық шығындар демеушілік қаражат есебінен жабылды. Форумның бас серіктесі – Freedom Bank Kazakhstan. Алтын серіктестер – Kaspi.kz, Yandex Qazaqstan және «Қазақтелеком» АҚ. Күміс серіктес – «Транстелеком» АҚ. Қола серіктестер – BI Group, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ, Еуразиялық банк, Ozon, “Теңізшевройл” ЖШС. Инновациялық серіктес – InDrive. Ақпараттық серіктестер – CITIX, Musan Group, EcoGenMedia, MYD, Visit Astana.
Форум жайлы толық ақпарат Digital Bridge 2025 ресми сайтында қолжетімді.
Сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1079582?lang=kk