Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі, «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов «Астана» халықаралық қаржы орталығының ұжымымен кездесу өткізді.
Жиналғандардың алдында сөйлеген сөзінде А. Шәйжүнісов Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі қағидаттарына – «әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам» тоқталды.
Спикердің айтуынша, бұл қағидаттар саяси жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға, кәсіби мемлекеттік және корпоративтік басқаруды енгізуге, сондай-ақ азаматтар мен бизнестің мүдделері мен әл-ауқатының теңгеріміне негізделген экономиканы құруға негіз қалайды. Бұл бағыттар оны жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер беріп, әр адамның әлеуетін барынша арттыра алады.
Ұлттық компания басшысы атап өткендей, «Әділетті мемлекет» қағидаты «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген формулаға сүйене отырып, саяси жүйені жаңғыртуды көздейді. Бұған қоса, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау институттары күшейтіліп, жаңа сайлау жүйесі негізінде – партиялық тізімдер мен бірмандатты округтер бойынша Парламент пен мәслихаттардың әділ қалыптасуы қамтамасыз етіледі.
«Әділетті экономика» инфляцияға негізделген ең төменгі жалақыны ұлғайтуды, 3,3 млн-нан астам азаматты жұмысқа орналастыруды және ірі қазақстандық мұнай-газ жобаларын дамытудың жаңа ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеуді көздейді. Жалпы, өзгерістер энергетика секторын, тұрғын үй құрылысын, ауыл шаруашылығын, бизнес, қаржы саласын, қолданбалы ғылымды дамытуға әсер етеді. Сонымен қатар, баяндамада цифрландыруды одан әрі дамытуға және халықаралық ІТ-компанияларды ұлттық экономикаға тартуға ерекше назар аударылды.
«Әділетті қоғам» қағидатын іске асыру шеңберінде бірқатар реформалар күтілуде. Бұл отбасылар мен балалар үшін барынша қолайлы жағдай жасау, азаматтардың сапалы медициналық және білім беру қызметтеріне қол жеткізуі, «Бірлігіміз – әралуандықта» әмбебап қағидаты негізінде этносаралық бірлік пен конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту, жастарды қолдау және креативті индустрияны дамыту.
Осылайша, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы – әрбір қазақстандықтың өмірін жақсарту жөніндегі іс-қимылдың нақты және шынайы жоспары. Бұл соңғы үш жылда Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан әлеуметтік, экономикалық және саяси салалардағы жүйелі мемлекеттік реформалардың жалғасы, – деп атап өтті спикер.
Кездесу соңында А. Шәйжүнісов алдағы сайлауға белсенді қатысуға және еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуі жолын таңдап, Қазақстан Республикасының қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуге шақырды.
Өз кезегінде АХҚО Әкімшілігі Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Әйтекенов Аллен Шәйжүнісовті мазмұнды сөзі үшін ризашылығын білдіріп, АХҚО ұжымы Мемлекет басшысының бағытын, соның ішінде оның сайлауалды бағдарламасын қолдайтынын атап өтті. Одан кейін әріптестеріне 20 қарашада өтетін кезектен тыс президенттік сайлауда азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырды.