Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильоны «Құрылыс саласындағы ең үздік іске асырылған жоба» байқауының «Мәдени мұра объектілерін заманауи пайдалануға бейімдеу және қайта қалпына келтіру» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Марапаттау рәсімі бүгін (дәстүр бойынша Құрылысшылар күні қарсаңында) «Манеж» орталық көрме залында Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің қатысуымен өтті.
Байқауды Мәскеудің Қала құрылысы саясаты департаменті 2000–жылдан бері өткізіп келеді және астанадағы ең беделді кәсіби марапаттардың бірі болып табылады.
Бұл жолы байқауға 2021–жылы пайдалануға берілген 107 жоба қатысты. Қатысушылар құрылыстың негізгі бағыттарын қамтитын тұрғын үйлер, медициналық және білім беру мекемелерінің құрылысынан бастап, көше және жол желісі объектілеріне, метрополитенге дейін, мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру және заманауи пайдалануға бейімдеу сияқты 12 номинация бойынша ұсынылды. Жеңімпаздарды сараптамалық кеңес пен қалалық байқау комиссиясы анықтады.
Еске сала кетейік, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильоны 2021–жылдың соңында кең ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін ашылды, павильонға ХХ ғасырдың ортасындағы тарихи келбеті қайтарылды. Желтоқсанда ол Мәскеу үкіметінің «Мәскеулік қалпына келтіру – 2021» байқауының лауреаты атанды, ал шілдеде қайта қалпына келтіруге қосқан үлесі және іс-шараның күн тәртібіндегі белсенді жұмысы үшін Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Алтын белгісімен» марапатталды.
Келісімге сәйкес Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйым – жалғыз қатысушысы «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып табылатын «Қазақстан» сауда-көрме орталығы» корпоративтік қоры екенін атап өткен жөн.
Келісім аясында павильон сауда-көрме қызметін жүзеге асыру, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және ұлттық тағамдар мейрамханасын жүргізу арқылы пайдаланылады.