Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі, «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов Astana ІТ University студенттерімен және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесу өткізді.
Сөз басында А. Шәйжүнісов жиналғандарды биылғы жылдан бастап Қазақстанда 10 қарашада атап өтілетін Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні – кәсіби мерекесімен құттықтады.
Бұдан әрі спикер Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі қағидаттары туралы айтты – «әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам», осы қағидаттар шеңберінде саяси және экономикалық жаңғыртуды дәйекті жалғастыру, кәсіби мемлекеттік және корпоративтік басқаруды енгізу жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ өзгерістер экономиканың әртүрлі секторларына – энергетика, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, бизнес, қаржы саласына және т.б. әсер етеді.
Залда ЖОО студенттері болғандықтан, Аллен Шәйжүнісов Қ. Тоқаевтың жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған бастамаларына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, бұл «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиелеуді жалғастыру, сапалы білім беру қызметтерін алуға мүмкіндік беру, жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен несие беру, қажеттіліктері шектеулі жас кәсіпкерлерге қосымша гранттар беру, креативті индустрияны дамытуды қолдау және т.б.
Сонымен қатар, спикер елдегі цифрландыруды дамытуға жеке тоқталды. Бұл саланы дамытудың маңыздылығына бүгін Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде оның қатысушыларын IT-саладағы белсенді ынтымақтастыққа, осы саладағы түркі елдерінің жаңа әзірлемелеріне ерекше назар аударуға шақырғаны дәлел бола алады, – деді ол.
Сондай-ақ АХҚО базасында озық қаржы технологиялары енгізіліп жатқанын, ал EХРО іскерлік орталығының аумағында орналасқан Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркі жас кәсіпкерлердің бизнес-стартаптарының акселераты болып және инновациялық жобаларды тарту орталығына айналатынын атап өтті. Astana IT University қазіргі заманғы экономиканың озық салаларының біріне кадрлар дайындайтын оқу ордасы болып табылады, – деп тоқталып өтті.
Осылайша, Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының жоғарыда аталған қағидаттарын іске асыру мемлекетіміздің одан әрі тұрақты дамуы үшін елеулі институционалдық негіз қалайтын болады.
Кездесу соңында А. Шәйжүнісов қатысушыларға арнаған сөзінде қоғамдағы барлық прогрессивті өзгерістердің басты қозғаушы күші жастар екенін айтып, сондықтан жастарды өз болашағына бей-жай қарамауға, алдағы сайлауға белсенді қатысуға және еліміздің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуге шақырды.