Бүгін NUR ALEM-де коллекционер-этнограф Бахаргүл Төлегеннің «Жауһар жәдігер» атты көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Жауһар жәдігер» көрмесінде мәдени құндылығы аса жоғары, бірнеше ғасырлық тарихы бар 1000-нан астам жәдігерлік бұйым ұсынылды. Олардың барлығы – Орта Азия мен қазақ халқының сирек кездесетін бағалы қолөнер бұйымдары. Көрмеде б. з. д. III–I ғғ. Кушан патшалығының археологиялық артефактілері және VI–XII ғғ. жататын тарихи құнды дүниелер кездеседі.
– «Жауһар жәдігер» көрмесі – бұл біздің бірлескен жобамыз, ол тұрақты түрде NUR ALEM мұражайында орналасатын болады. Мұражайдың өзі елорда қонақтары мен тұрғындарының арасында өте танымал. Бұл көрменің мұражайдың бірінші қабатында орналасуының да өзіндік себебі бар, өйткені бұл аумақ Қазақстанмен танысу аймағы деп аталады, – деді «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Еркімбаев.
Өз кезегінде Б. Төлеген көрменің басты мақсаты — ата-бабамыздың көне де бай мұрасын жинап, өскелең ұрпаққа таныстыру екенін баса айтты.
Ашылу салтанаты аясында шара қонақтары мен келушілеріне театрландырылған қойылым көрсетілді. Онда театр әртістері ұлттық дәстүрлерімізді насихаттайтын қойылым көрсетті, отандық әртістердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, сондай-ақ ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар мен кәдесыйлар топтамасы таныстырылды.
Елорда тұрғындары мен қонақтары әр жұма, сенбі және жексенбі күндері NUR ALEM мұражайының бірінші қабатында этнографиялық бұйымдардың бай коллекциясымен, тарихи жәдігерлермен таныса алады. Көрме тұрақты түрде өтеді.
Айта кету керек, ұлттық компания жыл сайын NUR ALEM мұражайында және EXPO іскерлік орталығының аумағында көрмелер ұйымдастырып келеді.