29 қыргүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Messe Frankfurt GmbH компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Құжатқа Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин және Messe Frankfurt Exhibition GmbH компаниясының аға вице-президенті Штефан Курцавски қол қойды.
Меморандум көрме индустриясы нарығын кеңейту мақсатында халықаралық деңгейде ортақ коммуникациялық платформаларды одан әрі дамытуға, қолданыстағы әріптестік қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ жаңа ұзақ мерзімді серіктестік байланыстарды іздеу және дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар құжат көрме қызметі саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша диалогты дамытуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, құжат талаптарына сәйкес тараптар көрме қызметінің өзекті мәселелері бойынша өзара кеңес беріп, ақпараттық және сараптамалық қолдау көрсетеді, сондай-ақ экономикалық және әлеуметтік бағыттағы бірлескен конгресс және көрме іс-шараларын ұйымдастырады.
Ынтымақтастық көрмелер портфелін ұлғайту, халықаралық қатысушылар санын кеңейту және жаңа іскерлік серіктестерді тарту есебінен Қазақстанның көрме индустриясының дамуына қосымша серпін береді деп күтілуде. Бірлескен жобаларды дамыту еліміздің халықаралық көрмелер мен іскерлік іс-шараларды өткізуге арналған өңірлік алаң ретіндегі позициясын нығайтып, отандық компанияларға халықаралық байланыстар орнатуға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндіктер береді.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстанда Messe Frankfurt GmbH тобының брендімен 4 салалық көрме өткізіледі. Келісім аясында іс-шаралар санын 9 көрмеге дейін арттыру жоспарлануда.
Еске сала кетейік, 2022 жылы әлемдегі ең ірі халықаралық көрме концерндерінің бірі – Messe Frankfurt GmbH тобы Қазақстанда өз өкілдігін ашты.
Германиялық компания филиалының кеңсесі Астана қаласында, EXPO іскерлік кешенінің аумағында орналасқан. Қазақстаннан бөлек, өкілдік Орталық Азия елдеріндегі – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстандағы компанияның мүдделерін білдіреді.
Анықтама: Messe Frankfurt компаниялар тобы – өзінің Майндағы Франкфурт қаласындағы көрме кешені және әлем бойынша 29 филиалы бар көрмелер, конгрестер мен іс-шараларды ұйымдастыру бойынша әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Жыл сайын Messe Frankfurt автомобиль өнеркәсібінен логистикаға дейін, тоқыма өнеркәсібінен музыкаға дейін, энергия тиімділігінен қауіпсіздікке дейін, тұрғын үй құрылысынан сұлулық индустриясына дейінгі түрлі салалар бойынша 349-дан астам халықаралық көрме өткізеді.