24-28 қазанда EXPO-2020 Dubai дүниежүзілік көрмесіндегі Ұлттық павильонда Қазақстанның туризм күндері өтті. Іс-шаралар аясында іскерлік кездесулер де, мәдени іс-шаралар да өткізілді.
Ұлттық күй мен әлемдік хиттерді халық аспаптарында орындаған «Сазген Сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнері ұлттық нақыш пен ұлттық атмосфераны сезіндірді, ал көрме аумағындағы жаяу шеру біздің павильонымыздың қонақтарын ерекше тәнті етті.
Айта кетерлігі, туристерге әр адам кенепке өз қолымен сурет салып, сол арқылы барлық келушілерді бір ортақ идея — ғаламшардағы төрт элементтің сақталуын бейнелеу арқылы біріктіруші «WorldPainting» «ӘЛЕМ СУРЕТІ» бірегей жобасы ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған белгілі суретші және антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтің көрмесі өтті.
Бизнес-бағдарлама да мазмұнды болды. БАӘ-дегі ҚР Елшілігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, KIDF, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Дубай қаласындағы ҚР Бас консулдығының, сондай-ақ бизнес топтардың қатысуымен ірі араб компаниялары, холдингтер және инвестициялық қорлар үшін туристік сала жобаларының презентациясы бойынша инвестициялық дөңгелек үстел өтті. Олардың басты назарындағы мәселе — туризм және жылжымайтын мүлік саласындағы инвестициялар.
«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов осы кездесуде Қазақстанның туризм саласының туристік әлеуеті мен перспективалық инвестициялық жобалары туралы айтып берді. Араб инвесторлары Ақтау қаласындағы курорттық туризм жобалары мен Алматы облысындағы тау туризмі жобаларына ерекше қызығушылық танытты.
ҚР Ұлттық павильоны алаңында жоспарланған іскерлік іс-шаралар халықаралық қатынастарды, туристік және инвестициялық әлеуетті дамытуға бағытталғанын, ал мәдени іс-шаралар халқымыздың салт-дәстүрлерімен танысуға бағытталғанын атап өткен жөн.