4 қыркүйекте «QazExpoCongress» ұлттық компаниясында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Ана тілі – ата-баба мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Департамент бастығы Мұқашев Әділбек Қайырбекұлы құттықтау сөзімен ашты. Қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының тіл тағылымдарына арналған, ұлттық компания қызметкерлерінің қатысуымен түсірілген бейнероликті тамашалады.
Кездесуге мемлекеттік тілді зейнет жасында терең меңгеріп, көпшілікке танымал «Ерекше сөздік» кітабын жарыққа шығарған Сансызбай Мұқанов арнайы қонақ ретінде қатысты. Ол кітаптың негізгі идеясы, өзге сөздіктерден ерекшелігі мен материал жинақтау үдерісі туралы айтып, зейнет жасында жаңа тілдерді, соның ішінде ағылшын тілін үйренуге не түрткі болғанын баяндады.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелері, тіл үйренудің заманауи әдістері және салалық терминологияны жетілдіру жолдары талқыланды. Компания қызметкерлері өзара пікір алмасып, ана тілінің мәртебесін арттыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.
Іс-шараның мазмұнды бөліктерінің бірі Сансызбай Мұқановпен өткен ашық сұхбат болды. Қатысушылар спикерге сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Кездесу соңында қатысушылар «Ерекше сөздік» кітабының авторына ризашылықтарын білдірді. Мемлекеттік тілге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған бұл басқосу ұжым үшін мазмұнды әрі тағылымды шараға айналды.